2024 жылдың 15 қазанында «Новоишим қазақ орта мектебі» КММ кітапханашысы А.А.Шериязданова «Бір ел - бір кітап» акциясы ,«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін Бердібек Соқпақбаевтың 100 жыл толуына орай мектеп оқушыларына ақпараттық сағатты ұсынады.
«Бір ел - бір кітап» республикалық акциясы елімізде 2007 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық Кітапханасы мен ҚР кітапханалар қауымдастығының бастамасымен өткізіліп келеді.
Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауданындағы «Қостөбе» ауылында туған. 1991 жылы Алматы қаласында қайтыс болған.
Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген (1949). Нарынқол ауданында мұғалім болды. «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында жұмыс істеген. 1952-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызмет атқарған.
Шоқтығы биік қаламгер балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман жазды. Солардың ішінде «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты туындылары қаламгерді даңққа бөлеп, өшпес атын қалдырды. Оқырманға бұлардан басқа тағы «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы», «Дала жұлдызы», «Аяжан», «Гауһар» секілді поэзиялық және прозалық жинақтар ұсынған.
Жазушының 1957 жылы жарыққа шыққан «Менің атым Қожа» повесі балалардың сүйіп оқитын шығармасына айналып, орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылды. 1963 жылы «Қазақфильм» студиясы сол кітап бойынша кино шығарды. Фильм француздың Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде (1967) арнайы сыйлыққа ие болған.