7 мамыр Отан қорғаушылар күні қарсанында Новоишим қазақ орта мектебінде 8-11 сынып ұлдары арасында «Жігіт сұлтаны-2017 » сайысы өтті.
Бұл іс-шараның мақсаты - ата салтын насихаттай отырып, нағыз қазақ жігітінің бойындағы қасиеттерімен танысу, ер балаларды халықтық дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тарихты қадірлеуге тәрбиелеу.
Бес түрлі сайыстың талаптарын орындау арқылы жігіттеріміз тарихтан сыр шертіп, салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың құндылығын дәріптесе, қойылған танымдық сауалдарға жауап беруде қазақ тілінің бай да орамды, шырайлы да, кең тынысты екенін танытты.
Өнер сайысында қатысушыларымыз шын мәнінде «Сегіз қырлы бір сырлы» екендіктерін дәлелдей алды.
Тарих, мәдениет, ұлттық дүниетаным тұрғысындағы сұрақтарға сайыскерлер қорамсақтағы жебеге байланған сұрақтарға жауап бере отырып, зерделілік сынынан тосылмастан сүрінбей өтті. «Бәрекелді, сайыпқыран» кезеңінде қол күресте өз күштерін байқатса, «Көңілі ояу, көзі ашық» байқауында жігіттер берілген тақырыпқа сай өз ойларын түйіндеп, көпшілік алдында келелі ой, салиқалы сөз саптау арқылы шешендік өнерін көрсете білді.
Сайысқа төрелік еткен қазылар алқасының шешімі бойынша 3-орынды Тоқталқан Тойбазар /9ә/, 2-орынды Муталлак Данияр /8ә/, 1-орынды Буриев Медет /10ә/ иеленсе, Аскаров Темирлан /8а/ бас жүлде иегері атанды.
«Жігіт сұлтаны -2017» байқауын өткізу арқылы қазақ халқының сал-серілік дәстүрін бір жаңғыртып алғандаймыз. Байқау қатысушылары да, көрермендері де өткізілген іс-шарадан тағлымды тәрбие алды деген сенімдімін.
Новоишим қазақ орта мектебінің
тәрбие ісі орынбасары Б.К.Амиржанова